Нығматулиндердің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Нұрлан және Ерлан Нығматулиндер рейдерлік жасау айыбы тағылған


11/08/2022
15:16 29924 0

Парламент мәжілісінің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулин мен егізі Ерлан Нығматулин қылмыстық іс бойынша айыпталушы ретінде өтуде. Бұл жөнінде астаналық адвокат Мәулен Әлімбаев мәлімдеді. 

 

– Бұл орталық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қарап жатқан қылмыстық істің негізгі мазмұны (фабуласы). Ол 2022 жылдың сәуір айында басталған. Бұл іс бойынша Сұлтанбеков жәбірленуші деп танылған. Іс демалыс айлағына байланысты. Мен бұл жөнінде толық айта алмаймын. Іс қаралуда. Арнайы тергеу тобы құрылды. Нығматулиндердің қатысы тексеріліп жатыр,  – деді Әлімбаев. 

 

2012 жылы Ерлан Нығматулинмен болған кикілжіңнен кейін балқаштық кәсіпкер Қуат Сұлтанбеков 21 жылға сотталып, 10 жылын отырып шыққан. БАҚ-та Нығматулиндердің Сұлтанбековқа тиесілі демалыс айлағын рейдерлікпен тартып алғандығы жөнінде ақпарат тараған. 

 

Қуат Сұлтанбеков пен Нығматулиндер арасындағы кикілжің 2011 жылы басталған. Сол уақытта Сұлтанбеков қаладағы жемқорлық мәселесін көтере бастаған. Кейіннен Балқаш прокуратурасы қаланы абаттандыруға жарияланған тендердің өрескел қателіктермен өткенін анықтаған. Ал Қарағанды облысының қаржы полициясы мемлекеттік тапсырыс бойынша бөлінген қаржының талан-таражға түскенін анықтаған. 

 

Осыдан кейін Қуат Сұлтанбеков Балқаш – Астана тас жолында заңсыз қару алып жүру және сақтау айыбы бойынша ұсталып, кейіннен 3,5 жылға сотталған. Жазасын өтеу кезінде Сұлтанбековтың үстінен тағы бес қылмыстық іс қозғалып, нәтижесінде 21 жылға бас бостандығынан айырылған. 10 жыл жазасын өтегеннен соң үш қылмыстық іс қайта қаралып, бостандыққа шыққан. 

 

Сұлтанбековтың адвокаты Юрий Джафаровтың сөзінше, қозғалған қылмыстық істердің барлығы жалған айып негізінде құрылған.

 

– Түзету мекемесінің қызметкерлері Сұлтанбековтың ісі бойынша жәбірленуші деп танылған сотталушыларға әдейі дене жарақатын салған. Осыдан кейін Сұлтанбековтың үстінен арыз жазуға мәжбүрлеген. 2022 жылдың 27 шілдесінде ШҚО сот алқасының шешімімен Сұлтанбековқа қатысты Өскемен қаласында шығарылған сот шешімі жоққа шығарылды, – дейді Джафаров. 

 

Нұрлан Нығматулин мәжіліс спикерлігінен қаңтар оқиғасынан кейін кеткен. Ол парламенттің төменгі палатасын 2016 жылдан бері басқарған. 

 

Ерлан Нығматулин мәжіліс және сенат депутаты болып қызмет атқарған. 

Поделиться

Нет комментариев.

11/08/2022 15:16
29924 0

Уведомление